Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламасы офисінің жетекшісі Н.Заруднамен кездесті.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін, оған еліміздің 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі дәлел болатынын атап өтті.
Алдымыздағы жылдарда Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен арадағы ынтымақтастық бағыттарының бірі «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталатын Астана декларациясында белгіленген Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу болып табылады.
Сонымен қатар, тараптар әлеуметтік-гуманитарлық дамудың, сот үстемдігін және адам құқығын қамтамасыз етудің, этносаралық қарым-қатынасты үндестірудің, гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің бірқатар мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың жай-күйі мен келешегін талқылады.
Г.Әбдіқалықова Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламасының офисі өз жұмысында Қазақстанның мүдделері ескерілген ынтымақтастықтың басым салаларына назар аударуының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 2014 жылдың 18 желтоқсанында Вена қаласында болған отырысында 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Астанадағы ЕҚЫҰ орталығын ендігі жерде ЕҚЫҰ бағдарламасының офисі деп атап, қайта құрылғандығына байланысты оның жұмыс белсенділігінің артатынына назар аударды.
Кездесу барысында ЕҚЫҰ бағдарламасының офисі өзінің мандатына сәйкес Қазақстанда орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимылды қауіпсіздіктің үш өлшемінде (әскери-саяси, экономикалық-экологиялық, гуманитарлық) жүзеге асыратыны айтылды.
Кездесуден шыққан соң Н.Зарудна ханым журналистерге шағын сұхбат беріп, өзінің келіссөздер қорытындысына көңілі толғанын жеткізді. Біздің кездесуіміз Қазақстанның талқыланған мәселелердегі рейтингін өсіре түсетінінен үміттімін. Сондай-ақ, әйелдердің шағын бизнеске қатысу белсенділігін арттыру мәселесі, адам саудасы жөнінде де пікір алысылды, деді ол.
Кездесуге Қазақстан жағынан Мәжіліс депутаттары Е.Тарасенко мен Н.Әбдіров қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан».